Жаңа жүйе бойынша мектептегі оқушы қыздар гинекологқа көрінуге тиіс.
Елімізде оқушылардың жүктілігі азаймай тұр. Келеңсіз жайттардың алдын алу үшін мектептегі қыздарды акушер-гинекологтар тексеруі мүмкін, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Осылайша, денсаулық сақтау министрлігі білім ордаларына жаңашылдық енгізбек. Бұған дейін профилактикалық қараулар тек жалпы тексеріспен шектелетін. Жаңа өзгерістерге байланысты енді оқушылар гинекологтың қабылдауында болуы міндеттеледі. Жаңа жүйе бойынша мектептегі оқушы қыздар гинекологқа көрінуге тиіс. Бірақ, қыз балаларды ешкім рұқсатсыз қарамайды. Барлығы заңмен және медициналық этикамен реттеледі.
Министрліктегілердің айтуынша, бұл – барлық қызды жаппай қарау емес. Дәрігерлер тек белгілі көрсеткіш болған жағдайда, яғни шағым, симптом немесе қауіп байқалса ғана тексереді екен.
"Профилактикалық тексеру өтетін мамандардың тізіміне акушер-гинекологты қосу көзделіп отыр. Гинекологиялық шағымдануы болса, болмаса жыныстық қатынасқа түскені туралы ақпараты болса, онда жалпы тәжиірбиелік дәрігер гинекологқа жолдама береді. Бірақ бұл жерде міндетті түрде ата-анасының келісімін алады. Қыз баланы тексеру анасының рұқсатымен анасының қатысуымен іске асырылады", – деді Денсаулық сақтау министрлігі аналар денсаулығын сақтау басқрамасының басшысы Шакизат Халықова.
Бірақ бастаманың өзі қоғамда үлкен талқылау туғызды. Бірі – қолдайды, енді бірі оқушы қыздарды бұлай тексерген дұрыс емес деген пікірде. Дегенмен, көпшілік мұндай өзгерістерге қарсы емес сияқты.
Министрлік дерегінше, кейінгі жылдары жасөспірім қыздар арасындағы жүктілік пен аборт көрсеткіші айтарлықтай азайған. Мәселен, 2020 жылы 15-18 жас аралығында үш мың қыз тіркелсе, биыл олардың саны 1420-ға дейін төмендеген. Ал, жасанды түсік жасаған бұрымдылардың саны 870-тен асып шығылады.