Андрей Чикатило – Кеңес Одағындағы ең атышулы қанпезер кісі өлтірушілердің бірі. Ол 1978 жылдан 1990 жылға дейін 53 адамды өлтірген. Дегенмен, ұзақ жылдар бойы қолға түспеген, деп хабарлайды Zakon.kz.

Starhit мәліметінше, ең алдымен, қылмыскердің психологиялық портреті аса маңызды рөл атқарған. Оны криминалист Александр Бухановский жасаған. Портретке сәйкес, Чикатило сырттай қарапайым адамға ұқсайтын, құрбандарының сеніміне кіріп, оңай тіл табыса алатын жан болған.

Екіншіден, Чикатило соңғы жылдары өзіне тым сенімді болып, тіпті қорықпастан әрекетке көшкен.

1990 жылдың 6 қарашасында ол Светлана Коростикті өлтіріп, орманнан шыққан кезінде сырт келбетімен күдік тудырған. Милиция қызметкерлеріне орманда саңырауқұлақ теріп жүргенін айтқан ол, сырттай мүлде олай көрінбеген. Үстіне костюм киіп, қолына портфель ұстаған күмәнді азаматтың аты-жөнін қызметкерлер сонда рапортқа енгізіп қойған.

Кейіннен Светлана Коростиктің денесі табылған соң, тергеушілер 1984 жылы Чикатилоның кісі өлтіру күдігімен бір рет ұсталғанын анықтады. Осыдан кейін соңынан арнайы тыңшы түсіп, көп ұзамай оның жалғыз жүрген балалармен танысуға тырысатынын байқады.

1990 жылдың 20 қарашасында Андрей Романович тұтқындалды. Алайда ол өз қылмыстарын тек 8 күннен кейін, психолог Бухановскиймен ашық сөйлескен соң мойындады.

1994 жылдың 14 ақпанында Чикатило ату жазасына кесілді.

Бүгінде криминалист мамандар Чикатилоның неге сонша жыл бойы қолға түспегенін түсіндіріп берді.

"Біріншіден, бұл – отандық құқық қорғау органдары тарихында бұрын-соңды болмаған алғашқы қылмыстық іс болды. Бұл тек Ростов облысын ғана емес, бүкіл елді дүр сілкіндірді. Бұған дейін мұндай қатыгездікпен, оның үстіне балалар да бар, осыншама көп адам өлтірілген қылмыс тіркелмеген еді. Екіншіден, қылмыс орындарында куәгерлердің немесе басқа да айғақтардың болмауы істі қиындатты", – деп түсіндірді криминалист Миронович.

Чикатило өз қылмыстарын ел көзінен тыс, адам аз жүретін, оқшау жерлерде жасаған. Ол ешқашан құрбандарын күштеп алып кетпеген. Сол себепті оның жәбірленушілермен сөйлесіп тұрғанын көрген адамдар күмәнданбаған.

Ал, бүгінде мұндай ауыр қылмыстарды тергеуге молекулалық-генетикалық сараптама сынды жаңа технологиялар үлкен көмек береді.