Қазақстанның Тұңғыш Президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Сары Назарбаеваның денсаулық жағдайына қатысты мәлімдеме жасады.
Хабарламада соңғы уақытта кейбір БАҚ пен әлеуметтік желіде Сара Назарбаеваның денсаулық жағдайы мен жүрген жері туралы әртүрлі болжамдар мен расталмаған ақпараттар тарап жатқаны айтылған.
«Осыған орай ресми түсініктеме беруді жөн деп санаймын: сәуір айынан бері Сара Алпысқызы Назарбаева Алматы қаласындағы Президент Іс басқармасының Медициналық орталығына қарасты Ұлттық госпитальде жоспарлы ем қабылдап келеді. Барлық медициналық шаралар бекітілген стандарттарға сай, отандық мамандардың бақылауымен жүзеге асырылуда», – делінген хабарламада.
Айдос Үкібай БАҚ пен әлеуметтік желі қолданушыларын әдептілік пен құрмет сақтауға, «Сара Алпысқызының атын негізсіз алып, тексерілмеген ақпарат арқылы назар аудартуға тырыспауға» шақырды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін желіде Сара Алпысқызының жағдайы туралы түрлі қауесеттер тараған болатын. Айдос Үкібай Сара Алпысқызы қайтыс болды деген ақпарат жалған екенін және оның ем қабылдап жатқанын жеткізген болатын.
Ал Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева осы ретте тек ресми ақпаратқа сүйенуге шақырды.