Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шаралары аясында отандық тауар өндірушілерден өнім сатып алу көлемі екі есеге арттырылады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы 16 қазанда сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді.

"Президенттің тапсырмасы бойынша үкімет азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған экономикалық шаралар кешенін жүзеге асыруда. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын одан әрі тұрақтандыру мақсатында отандық өндірушілерден өнім сатып алуға бөлінетін қаржы көлемі екі есеге ұлғайтылады. Бұл өз кезегінде ӘМАТ бағасының арзандауына әсер етеді", – деді министр.

Оның айтуынша, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар негізгі өнім түрлері бойынша көтерме және бөлшек сауда бағасын белгілеу үшін отандық өндірушілер мен сауда желілері арасында меморандумдар жасалмақ.

Сонымен қатар елдің барлық өңіріне арзан сиыр етін тікелей жеткізу ұйымдастырылады.

"Бұл бағыттағы жұмыс мемлекеттік экономикалық саясаттың басымдықтары мен Мемлекет басшысы қойған міндеттерді ескере отырып, жүйелі түрде жалғасады", – деп атап өтті Шаққалиев.

Бұған дейін Қазақстанда АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасын көтеруге мораторий енгізілгені хабарланған болатын.