Жыл басынан бері өңір шаруалары ҚазАгроҚаржы арқылы жалпы сомасы 12 млрд теңгеге 452 техника алған.
"ҚазАгроҚаржы" АҚ Абай облысында өңірдің жетекші шаруашылықтары – "Лада" шаруа қожалығы мен "Зенковское" ЖШС жұмысымен таныстырды. Бұл шаруашылықтар ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизинг арқылы жаңарту агробизнестің өнімділігі мен тиімділігін арттыратынына дәлел.
Бородулиха ауданындағы "Лада" шаруа қожалығында бидай, қарақұмық, күнбағыс және мал азығы дақылдары өсіріліп, күнбағыс майы өңделеді. Жалпы егіс алқабы 4 мың гектардан асады. Шаруа қожалығының басшысы Александр Романовтың айтуынша, кәсіпорын "ҚазАгроҚаржы" АҚ-мен 23 жылдан бері серіктес орнатқан. Осы уақыт ішінде шаруашылық компания арқылы 368 млн теңгеге 20-дан астам техника лизингке алған. Оның ішінде МТЗ және Buhler тракторлары, Essil және Vector комбайндары, себу кешені мен басқа да ауылшаруашылық машиналары бар. Лизингтің төмен пайыздық мөлшерлемесі негізгі құралдарды жаңартуға және өнімділік күшін жоғалтпай жинауға мүмкіндік берді. Мысалы, өткен жылы аграрийлер Gaspardo Chrono 916 жоғары жылдамдықтағы себу машинасын сатып алған.
"Бүгінгі таңда қуатты және өнімділігі жоғары техника қажет. Жаңа себу машинасы арқылы жұмыс әлдеқайда жылдам әрі тиімді жүреді. Бұрын күнбағыс егуге үш адам қажет болса, енді бұл көлемді бір оператор орындайды. Мысалы, бұрын 1200-1300 гектар алқапты себуге үш механизаторға 15 күн қажет болса, қазір бір адам дәл осы көлемді сол мерзімде орындайды", – дейді Александр Романов.
"Лада" – 90-жылдары фермердің әкесі негізін қалаған отбасылық бизнес. Бүгінде шаруашылық көлемі де, ұрпақ сабақтастығы да артып отыр – жұмыста немерелер де көмектеседі. Мұнда 22 адам еңбек етеді. Жоғары өнімділік қуатты техника мен білікті кадрлардың үйлесімді жұмысының нәтижесі.
Ал ауданның Зенковка ауылында орналасқан "Зенковское" ЖШС шаруашылығының жер қоры 5 мың гектардан асады және жыл сайын ұлғайып келеді. Негізгі бағыты – дәнді, бұршақ және майлы дақылдарды өсіру. Кәсіпорында жыл бойы 45 адам тұрақты жұмыс істейді.
Шаруашылыққа 20 жылдан астам уақыт болған, осы кезеңде ол өңірдегі озық агроқұрылымдардың біріне айналды. Бұл жетістік иесі – аграрлар әулетінің өкілі, агроном маманы Мәдижан Құрамысовтың еңбегі. Ол дәстүр мен заманауи технологияларды ұштастырып, инновацияларды тұрақты енгізіп келеді. Оның айтуынша, "Зенковское" ЖШС-нің табысының басты құпиясы – ғылым мен тәжірибені үйлестіре білу.
Биыл шаруашылық техника паркын кеңейтіп, HORSCH Leeb VL өздігінен жүретін бүріккішін сатып алды. Бұл құрылғы күнбағысты зиянкестерден тиімді қорғауға және үлкен аумақтарды дәл мөлшерде өңдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Bourgault себу кешені, John Deere тракторы және ACROS комбайны алынған. Жаңалықтардың ішінде жылдық 5% мөлшерлемемен алынған Claas Trion астық жинау комбайны да бар.
"Қазіргі заманғы ауылшаруашылық техникасыз және мемлекеттің қолдауынсыз біз жерлерді тиімді өңдеп, өнім сапасын сақтай алмас едік. Егер жеңілдетілген лизинг болмаса, Claas Trion сияқты әлемдік брендтер біздің алқаптарда жұмыс істемес еді. Бұл комбайн – нағыз технологиялық серпіліс: ол жұмыс қарқынын өзі реттейді, өнімділікке және жер жағдайына бейімделеді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында біз осындай заманауи технологияларды өз алқаптарымызға әкеле алдық", – дейді Мәдижан Құрамысов.
2018 жылдан бері "Зенковское" ЖШС "ҚазАгроҚаржы" арқылы жалпы құны 992 млн теңге болатын 10-нан астам техниканы лизингке алған. Бұл шаруашылықтың жұмыс қарқынын арттырып, өнімділікті жоғалтпай жинауға мүмкіндік берді.
"ҚазАгроҚаржы" АҚ-ның Абай облысы бойынша филиалында техниканы қаржыландырудың өсу қарқыны өңір аграрийлеріне көрсетілетін нақты қолдаудың айғағы екенін атап өтеді.
"Біздің клиенттеріміздің жетістіктері – жұмысымыздың басты көрсеткіші. 2023 жылдан 2025 жылдың 1 қазанына дейін біз жалпы құны шамамен 32 млрд теңгеге 1719 техника қаржыландырдық. Филиал жұмысы жалғасуда: біз алдағы уақытта да, аграрийлерге жеңілдетілген шарттармен техника қамтамасыз етуді жалғастырамыз", – деді филиал директоры Ренат Беков.
2025 жылдың басынан бері Абай облысының ауыл шаруашылығы өндірушілері "ҚазАгроҚаржы" АҚ арқылы жалпы сомасы 12 млрд теңге болатын 452 техника алған. Бүгінде өңірлік филиалдың 1 090 клиенті бар, бұл өңірде лизингтік бағдарламаларға жоғары сұраныс пен заманауи техниканы енгізудің белсенділігін көрсетеді.