Болжам бойынша жағдай айдың аяғына қарай реттелуі тиіс.

"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы "Интеграцияланған жоспарлау дирекциясы" филиалы директорының орынбасары Ғани Есенбаев Ақтау порты арқылы астықты экспортқа тасымалдаудың уақытша шектелуіне байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оның айтуынша, бұған ауа райының қолайсыздығы әсер еткен.

Ұлттық компанияның дерегіне сүйенсек, қыркүйек айында Ақтау портына бар болғаны 14 кеме ғана кірген.

"700 вагон инфрақұрылымда тұрып қалды. Біз мәжбүрлі түрде жүк тиеу жұмыстарына шектеу енгіздік, бұл шешімді Астық одағы және негізгі оператор "Астық Транс" АҚ-мен бірлесе отырып түсіндірдік", – деді Ғани Есенбаев.

Компания өкілі Өзбекстан, Ауғанстан және Тәжікстанға астықты жеткізуге сұраныс жоғары екенін баса айтты.

"Қазір бұл сан 700-ден 150 вагонға дейін азайды, дегенмен терминалдар толып тұр", – деп түсіндірді ҚТЖ өкілі.

Болжам бойынша жағдай айдың соңына қарай реттелуі тиіс.