Вашингтонға сапары шеңберінде Қазақстанның вице-премьері — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин АҚШ Конгресі мүшелерімен бірқатар кездесу өткізді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.

Конгрессмен, бюджет және салық комитетінің мүшесі, "Қазақстан — АҚШ" кокусының тең төрағасы Джимми Панеттамен келіссөздер барысында тараптар екіжақты сауда мен экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселесін талқылады.

Серік Жұманғарин конгрессменге Джексон-Вэник түзетуінің күшін жою туралы мәселені ілгерілетуде Қазақстанды қолдағаны үшін алғыс білдіріп, бұл мәселені АҚШ Конгресінде тезірек реттеуге үміт білдірді.

Вице-премьер Қазақстан инвестицияға және бизнес жүргізуге тұрақты және әдеттегідей алаң болып қала беретінін атап өтті. Ол қыркүйекте Нью-Йоркте Қазақстан Президенті америкалық бизнеспен бастаған диалогты жалғастыру шеңберінде АҚШ Сауда палатасының өкілдерімен кездесулер туралы хабардар етті. Қазақстанда америкалық университеттердің қатысуын кеңейту мәселесіне ерекше назар аударылды. Бүгінде Қазақстанда 30-ға жуық шетелдік жоғары оқу орны бар. Оның екеуі — америкалық. Еліміз әлемнің жетекші білім беру орталықтарымен әріптестікке әрдайым дайын.

Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Ерболат Досаевпен бірге Серік Жұманғарин конгрессмен Кэрол Девайн Миллермен де кездесті. Тараптар Қазақстан мен АҚШ арасындағы, оның ішінде энергетика, жасанды интеллект, цифрландыру және басқа да саладағы экономикалық қатынастарды дамытудың маңызына баса назар аударды. Ерболат Досаев Қазақстанның жаңа технологиялық экономиканы қалыптастыру және АҚШ-тың Орталық Азиядағы басты әріптесі ретіндегі рөлін нығайту жөніндегі көзқарасын білдірді.

Кэрол Миллер ынтымақтастықты дамытудың болашақ ұрпақ үшін маңыздылығын атап өтіп, оны одан әрі нығайтуға көмектесуге дайын екенін жеткізді.

Сондай-ақ Қазақстанның вице-премьері бюджет және салық комитетінің мүшесі, конгрессмен Томас Суоззимен кездесуде Джексон-Вэник түзетуін жою туралы мәселені талқылады. Айта кету керек, кездесулерде барлық конгрессмендер Қазақстанға осы бағытта қолдау көрсетуге дайын екендіктерін растады.

Біз сапарымызды Мемлекет басшысының Нью-Йоркте бастаған диалогының жалғасы ретінде қарастырамыз және бұл кездесулер Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін беретініне сенімдіміз", — деп атап өтті Серік Жұманғарин.