Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы әлемдік шахмат аренасында кезекті мәрте өз мықтылығын дәлелдеді.
4–15 қазан аралығында Албанияның Дуррес қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында (FIDE World Youth Chess Championships 2025) жас шахматшыларымыз керемет нәтижеге қол жеткізді. Жарыс қорытындысы бойынша Марк Смирнов пен Эдгар Мамедов әлем чемпиондары атанса, Сауат Нұрғалиев күміс медаль жеңіп алды. Бұл тарихи жетістік Қазақстанның балалар мен жасөспірімдер шахматындағы жетекші орнын тағы бір мәрте айқындады.
Әлем біріншілігіне 84 елден 700-ден астам шахматшы қатысып, 11 турдан тұратын тартысты бәсекеде өз мүмкіндіктерін сынады. Қазақстан намысын 14, 16 және 18 жасқа дейінгі 44 спортшы қорғады.
13 жасар Марк Смирнов 9½ ұпай жинап, 14 жасқа дейінгі ұлдар арасында жеңімпаз атанды. Бұл оның әлем чемпионатындағы екінші алтын медалі. Бұған дейін ол 2023 жылы 12 жасқа дейінгілер арасында да чемпион болған. Ал 15 жасар Эдгар Мамедов 8 ұпай жинап, 16 жасқа дейінгі санатта үздік шықты. Дәл осындай нәтижемен Сауат Нұрғалиев күміс жүлдеге ие болды.
Қыздар арасында да қазақстандық шахматшылар жоғары нәтиже көрсетті: Мария Холявко 8-орын, Зарина Нұрғалиева 8-орын иеленсе, ұлдар арасында Ақылжан Мейірханұлы мен Алдияр Аңсат өз санаттарында үздік ондыққа енді.
Бұл жеңіс еліміздегі шахматтың дамуының жүйелі түрде жолға қойылғанының айқын дәлелі. Осылайша Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан Шахматты дамытудың кешенді жоспары өз жемісін беруде.