14 қазан күні бокстан Қазақстан чемпионаты басталды .
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Абай облысы, Семей қаласында өтіп жатқан ел біріншілігіне 20 аймақтан 371 боксшы қатысып жатыр.
Дәстүрлі додаға еліміздің барлық өңірінен үздік былғары қолғап шеберлері жиналды. Әсіресе, биылғы біріншілікке алты әлем чемпионының қатысып жатқаны да жарыстың көркін қыздырмақ. Нақтырақ айтсақ, олардың арасында есіме елге жақсы таныс, 2020 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов та бар. Бұған дейін әлеуметтік желі мен БАҚ беттерінде Мырзағали Айтжановтың шәкіртіне қатысты түрлі ақпарат тараған еді. Көпшілік оның 26 қазанда өтетін кәсіпқой бокстағы жекпе-жегіне дайындалу үшін “ел біріншілігіне қатыспайды” деп топшылады. Спортшының өзі де кәсіпқой бокстағы кездесуіне қызу дайындалып жатқанын айтқан еді.
“26 қазан – мен үшін үлкен күн. Жекпе-жегіме дайындық қызу жүріп жатыр. Әрбір тер төккен сәтім – жеңіске жақындатады. Бұл жолы да барымды салып, ел сенімін ақтау үшін рингке шығамын. Алда талай сынақ бар, бірақ мақсатым – тек жеңіс!”, – деп жазды Сәкен Бибосынов.
Алайда, ел біріншілігіндегі жеребеде 55 келі салмақ дәрежесінде Сәкен Бибосынов та бар. Демек, былғары қолғап шебері әуесқой бокспен әзір қоштаспайтын сыңайлы.
Семейде өтіп жатқан жарыста бақ сынайтын тағы бір әлем чемпионы — Теміртас Жүсіпов. Ол 2021 жылы, 33 жасында ересектер арасындағы әлем чемпионатында топ жарған еді. Ал, Бексұлтан Боранбек, Сабыржан Аққалықов, Санжарәлі Бегалиев пен Өнер Сейілхан жастар арасындағы әлем чемпионатында үздік атанып үлгерген спортшылар.
Сонымен қатар, ел чемпионатында өнер көрсететін боксшылардың қатарында Әбілхан Аманқұл да бар. Ол — 2017 жылы Гамбургте өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Бірнеше жыл бойы кәсіпқой бокста қолғап түйістірген ол әуесқой боксқа ұзақ үзілістен кейін оралып отыр.
Кіл мықталар бас қосқан биылғы біріншілік нағыз бокс мерекесіне айналмақ. Ел намысын қорғап жүрген тәжірибелі чемпиондар мен жас таланттардың кездесуі көрермендерге ерекше әсер сыйлайтыны сөзсіз. Жанкүйерлерді алда тартысты жекпе-жектер мен күтпеген нәтижелерге толы қызықты сәттер күтіп тұр.
Айта кету керек, бокс бәсекесінің күндізгі сессиясы 14:00-де, ал кешкі сессиясы 18:00-де басталады. Жекпе-жектер Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Бұған дейін Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшалов Қазақстан чемпионатының нәтижесінде 2026 жылға Ұлттық құрама мүшелері іріктелетінін айтқан еді.