Португалия құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының еуропалық іріктеу кезеңінің 4-турында Венгриямен тең түсті.
Лиссабонда орналасқан "Жозе Алваладе" стадионында өткен кездесу 2:2 есебімен аяқталды. Португалия сапында 40 жастағы Криштиану Роналду дубль жасап, 22-минутта және қосымша уақытта (45+3) гол соқты. Бұл — оның мансабындағы 947-ші және 948-ші голдары. Сондай-ақ Роналду әлем чемпионаттарының іріктеу кезеңдеріндегі ең көп гол соққан ойыншы атанды — 41 доп. Венгрия құрамасынан Адам Салаи (8-минут) және Доминик Собослаи (90+1) көзге түсті.
Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) президенті Джанни Инфантино Португалия құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналдудың тарихи жетістігіне пікір білдірді.
"Браво, Криштиану! 41 гол! Әлем чемпионатының іріктеу кезеңдеріндегі ең үздік сұрмерген атағымен құттықтаймын. Ұлы ойыншының тағы бір ғажайып рекорды", — деп жазды Инфантино әлеуметтік желіде.
Сондай-ақ Криштиану Роналду ұлттық құрамалар деңгейінде соғылған голдар бойынша әлемдік рекордты жаңартты. Венгрияға қарсы матчта португалиялық шабуылшы Португалия құрамасы сапындағы 142-ші және 143-ші голдарын соқты. Осылайша ол бұл көрсеткіш бойынша екінші орында тұрған Лионель Мессиден 29 голға озып кетті.
Роберто Мартинес жаттықтыратын Португалия құрамасы 10 ұпай жинап, Е тобында көш бастап келеді. Ал Марко Росси баптайтын Венгрия құрамасы 5 ұпаймен екінші орында тұр.
Келесі турда 13 қараша күні Португалия Ирландияға қонаққа барады, ал Венгрия дәл сол күні Армениямен сырт алаңда кездеседі.
Айта кетейік, қазіргі әлем чемпионы — Аргентина құрамасы. 2022 жылғы әлем чемпионатының финалында латынамерикалық команда Франциямен кездесіп, негізгі уақыт 3:3 есебімен аяқталған. Пенальти сериясында Аргентина 4:2 есебімен жеңіске жеткен болатын.