Сауран ауданында «Таза Қазақстан» бағдарламасының «Жасыл болашақ» кезеңі аясында кең ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Қоршаған ортаны қорғауға және тазалықты сақтауға бағытталған шараға аудан бойынша 2 000-нан астам тұрғын белсенді қатысты. Олардың қатарында мемлекеттік және бюджеттік мекемелердің қызметкерлері, жастар, еріктілер мен ауыл тұрғындары болды.

Сенбілік жұмыстары негізінен Шорнақ ауылдық округі мен Аша елді мекенінде жүргізілді. Елді мекен көшелері, қоғамдық орындар, су арналары мен жол жиектері күл-қоқыстан тазартылып, көгалдандыру жұмыстары атқарылды.

Тазалық шараларына 13 арнайы техника тартылып, нәтижесінде 20 тоннадан астам тұрмыстық қалдық сыртқа шығарылды. Сонымен қатар сенбілік аясында ағаш отырғызу және көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындар экологиялық мәдениетті қалыптастыруға белсенді үлес қосты.

Айта кетейік, жыл басынан бері Сауран ауданында 25 800 түп ағаш егілген. Алдағы күзгі маусымда тағы 25 300 түп ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Соның ішінде бүгінгі сенбілік барысында 380 түп ағаш көшеті отырғызылды.

Атқарылып жатқан бұл шаралар өңірдегі экологиялық тепе-теңдікті сақтауға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. «Жасыл болашақ» кезеңіндегі тазалық пен абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.