ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында педагогтердің кәсіби құзыреттілігін дамытуға арналған кешенді бағдарламаны іске асыруды жалғастыруда. Оқыту LMS цифрлық платформасы арқылы онлайн өтеді. Қазіргі таңда 6 800 педагог тіркеліп , курсқа қатысуда. Ең белсенді қатысушылар қатарында Астана, Шымкент қаласы және Алматы және Түркістан облысы көш бастап тұр.
Курстар базалық деңгейдегі 11 пәнді қамтиды: бастауыш сынып, қазақ, орыс және ағылшын тілдері, математика, информатика, физика, химия, биология, география және тарих. Платфордама пәндік оқу материалдары мен мұғалімдер үшін қиындық тудыратын тақырыптарды айқындауға арналған диагностикалық тестілер ұсынылған. Бағдарлама пәндік білімді негізгі жұмысынан қол үзбей жаңарту, кәсіби құзыреттілікті арттыру және мұғалімдерге әдістемелік қолдау көрсетуге бағытталған.
Айта өтейік, өткен жылы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 35 мектептен 2 мыңнан астам педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Оқыту қорытындысы бойынша қатысушылар кәсіби дамуын одан әрі жалғастыруға арналған жеке ұсынымдар берілді.