Бүгін Талғарда Алматы облысының прокуроры Берік Адамов ведомствоаралық кеңес өткізіп, ауданның жаңа прокуроры Жайнарбек Мыңбаевты таныстырды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ облыстық прокуратураның ресми сайтына сілтеме жасап.
Облыстық прокуратура мәліметінше, Жайнарбек Мыңбаевтың прокуратура органдарында 18 жылдан астам қызмет өтілі бар, соңғы 7 жылда Бас прокуратурада жұмыс істеген.
Берік Адамов Мыңбаевтың тәжірибелі әрі принципшіл қызметкер екенін айтып, оның тағайындалуы аудан көлемінде заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту ісіне тың серпін беретініне сенім білдірді.
Кеңес барысында құқық бұзушылықтардың алдын алу, тергеу сапасы және құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Жыл басынан бері Талғар ауданындағы қылмыс деңгейі 17 пайызға төмендеді (1661-ден 1369 дейін). Ұрлықтар 21 пайызға, есірткі қылмыстары 46 пайызға, тонау 23 пайызға, бұрын сотталғандар жасаған қылмыстар 47,6 пайызға, қайталама қылмыстар 57 пайызға, мас күйінде жасалғандары 18,9 пайызға және қоғамдық орындарда тіркелгендері 35,8 пайызға азайған.
Тек қыркүйек айында құқық қорғау органдары 2,5 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтап, 25 қылмысты ашты және екі іздеуде жүрген қылмыскерді ұстады.
Балалар арасындағы қылмыстың алдын алуға ерекше назар аударылды. Жергілікті атқарушы органдармен кездесулер ұйымдастырылып, алдын алу жұмысына ауданның 8 мектебі мен 500-ден астам ата-ана тартылды.
Облыс прокурорының бағалауынша, аудандағы жағдай тұрақты, жүйелі жұмыс жүргізілуде, оң нәтижелер байқалады.
Берік Адамов аудан прокуратурасы мен полициясына профилактикалық шараларды күшейтуді, халықпен тығыз өзара әрекеттесуді, учаскелік инспекторлардың жұмысын қайта қарауды және көше мен есірткі қылмыстарына қарсы қосымша шаралар қабылдауды тапсырды.
Айта кетейік, жаңа оқу жылынан бастап ауданда "Заң мен тәртіп" атты азаматтық тәлімгерлік пилоттық жобасы іске қосылды. Оның мақсаты – жасөспірімдер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және құқық бұзушылықтың алдын алу. Жобаға 10 мектеп пен 3 колледж қатысады, ал тәлімгерлер ретінде прокуратура мен полицияның тәжірибелі 13 ардагері тартылған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз