Жасанды интеллектті дамыту тек есептеу қуаттары мен технологиялық инфрақұрылымды ғана емес, студенттер мен оқытушылар арасында цифрлық сауаттылықты жаппай арттыруды да талап етеді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында AI-Sana бағдарламасының жүзеге асырылу барысын таныстыру кезінде айтты
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Оның айтуынша, бұл бағдарлама 2024 жылы Мемлекет басшысы жүктеген тапсырма аясында іске қосылып, жоғары білімнің барлық деңгейлерін, студенттерден бастап магистранттар мен жас зерттеушілерге дейін кезең-кезеңімен қамтуды көздейді.
Бірінші кезеңде біз 650 мың студентке жасанды интеллект негіздерін және ЖИ-мен жұмыс істеу дағдыларын үйретуді мақсат етіп отырмыз. Бүгінгі таңда 544 мың студент оқудан өтіп, сертификат алды. Курстар Huawei, Coursera, Astana Hub платформалары арқылы, сондай-ақ университеттердің өз бағдарламалары негізінде жүргізілуде, – деді Динара Щеглова.
Келесі кезеңдерде тереңдетілген оқыту, технологиялық кәсіпкерлікті дамыту, салалық жобаларды іске қосу және стартаптарды акселерациялау жоспарланған. Вице-министрдің айтуынша, AI-Sana бағдарламасы ЭКСПО аумағында орналасқан Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы үшін кадр даярлаудың негізгі көзіне айналуы тиіс.
Бағдарламаның бірінші кезеңіне кіретін курстардың жекелеген топтамасы Huawei, Astana Hub және Coursera компанияларымен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Олар жасанды интеллект саласындағы базалық сауаттылықтан бастап қолданбалы технологияларға дейінгі кең ауқымды бағыттарды қамтиды.