Жаңа жылдан бастап ҚҚС 16% болып белгіленді.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов салық реформасы тұрғын үйдің бағасына әсер етпейтінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тілшілер базалық мөлшерлеменің өсуі және келер жылдан бастап жаңа пәтерлерге қосылған құн салығының қосылуы ипотека нарығына қалай әсер ететінін сұрады.
"Бұл сұраққа Салық кодексін әзірлеу кезінде жауап бергенбіз. Тағы да қосымша айта кетейік. Бұл ереже жаңа салынатын үйлер бойынша ғана енгізіледі. Мысалы, қазір құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр ғой. Құрылысы 2025, 2024 жылы басталған үйлер бойынша қосылған құн салығы салынбайды. ҚҚС тек қана 2026 жылдан басталатын үйлерге ғана салынатын болады. Екіншіден, құрылыс саласы бойынша барлық төлемдерге 16 пайыз ҚҚС салынбайды. Себебі құрылысшылардың сатып алатын материалдары бар. Олардың ішінде ҚҚС мөлшерлемесі бар, айырмашылық қана төленеді", – деді Ержан Біржанов Үкіметте өткен баспасөз конференциясында.
Оның айтуынша, салық мөлшерлемесі тұрғын үйдің бағасына әсер етпейді.
"Баспана құны нарықпен бағаланады. Өздеріңіз көріп отырсыздар, Астанада сұраныс көп болса, оның бағасы автоматты түрде өсіп отырады. Салығы бар ма, жоқ па – оған қарамайды. Мұнда бәсекелестік принцип жұмыс істеуі керек деп ойлаймын", – деп түсіндірді вице-министр.