Премьер-министр негізгі макрокөрсеткіштер бойынша артта қалған өңірлерді де атады.
Бұл туралы Олжас Бектенов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Үкімет басшысының сөзінше, әкімдер тарапынан барлық саладағы жағдай тікелей бақылауға алынуы қажет.
– Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша, жалпы ішкі өнім өсімі 3,6 пайызды құрап отыр. Дегенмен, экономиканың орнықты өсуі үшін бірқатар бағытта, оның ішінде өнеркәсіп, сауда және көлік сияқты негізгі салаларда өсім қарқынын арттыра түсу керек. Өңдеу өнеркәсібіндегі ахуал басты назарда болуға тиіс. Жылдың жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін барлық резервті пайдалану қажет, – деді ол.
Олжас Бектенов қабылданып жатқан шараларды іске асыру арқылы экономикалық өсім көрсеткіштерінің жайы жақсарғанын, оң динамика барын жеткізді.
– Сол себепті, әкімдер тарапынан барлық саладағы жағдайдың тікелей бақылауға алынуы – аса маңызды мәселе. Негізгі макрокөрсеткіштер бойынша 11 өңірде оң динамика қалыптасты. Абай, Ұлытау және Атырау облыстары артта қалып отыр, – деді Премьер-министр.
Еске салайық, Үкімет отырысында 2025 жылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы талқыға түсті.