Президент Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысында сөз сөйледі. Жиында мемлекет басшысы парламентті реформалау бұл сенатты тарату деген сөз емес екенін, мұндай қате пікірге жол беруге болмайтынын айтты. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, парламенттік реформа "Күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет" саяси формуласына толық сай келеді. Бұл – мемлекетіміздің құрылымын айқындайтын басты тұжырым.

"Түптеп келгенде, парламенттік реформа және осыған дейін жүзеге асырылған реформалар біздің аймақта бұрын-соңды болмаған, шын мәнінде, жаңа басқару жүйесінің негізін қалайды.

Сондай-ақ тағы бір маңызды мәселеге назар аударғым келеді: парламентті реформалау бұл – сенатты тарату деген сөз емес. Мұндай қате пікірге жол беруге болмайды.

Біздің алдымызда тұрған мақсат – айқын. Біз өкілді билік тармағын түбегейлі жаңғыртуымыз керек. Осылайша, азаматтарымыздың мүдделері мен тілек-ниетін білдіретін заң шығарушы орган мүлде жаңа сипатқа ие болады", — деді мемлекет басшысы.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз