Оқиға №42 Атырау – Алматы-2 пойызында болған.
Қызылорда стансасынан кейін демікпе ауруына шалдыққан жолаушының денсаулығы күрт нашарлаған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Пойыз басшысы Әсел Рысқалова радиобайланыс арқылы жолаушылардан көмек сұрайды. Оның шақыртуына бірнеше дәрігер хабарласты. Бірақ, ең батыл әрі өз ісін білетін маман ретінде атыраулық жас жедел жәрдем фельдшері Ынтымақ Ермағанбет әрекет еткен.
"Ол дұрыс әрі жылдам әрекет жасап, науқасқа барлық қажетті көмек көрсетті. Өз ісіне сенімді және батыл болды. Менің ойымша, оның болашағы жарқын – адамдардың өмірін сақтау оңай емес, білім мен сенімділік қажет", – деп алғыс айтты пойыз басшысы жергілікті жедел жәрдем қызметіне хат жолдап.
Жас фельдшер жолаушының тынысын қалпына келтіріп, жағдайын медициналық бригада келгенге дейін бақылауда ұстаған.