Алматы қаласы әкімдігінің 2025 жылғы 10 қыркүйектегі қаулысымен мемлекет қажетіне арналған жерлерді алып қоюға байланысты 27 жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару процесі басталды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Құжатқа сәйкес, иеліктен шығарылатын нысандар Медеу және Түрксіб аудандарында, Қайрат шағынауданынан Талғар тас жолына дейінгі аумақта орналасқан. Бұл шешім Хмельницкий көшесін жалғастыру (пробивка) мақсатында қабылданған.
Айта кетейік, жер телімдері тек жеке меншік иелерінен ғана емес, бірнеше жауапкершілігі шектеулі серіктестіктен де алынбақ.
Мәжбүрлеп иеліктен шығару мерзімі 2027 жылғы 31 желтоқсанға дейін деп белгіленді.
Алматы қаласының Жер қатынастары басқармасына келесі міндеттер жүктелді:
- меншік иелеріне заңнамаға сәйкес өтемақы төлеуді қамтамасыз ету;
- жер учаскелерін мемлекет меншігіне өткен соң, оларды Алматы қаласының қалалық мобильділік басқармасының балансына өткізу.
Қаулының орындалуын бақылау қала әкімінің тиісті орынбасарына жүктелген.
Бұған дейін Алматыда жол құрылысына байланысты 21 жер учаскесін мәжбүрлеп алу туралы да хабарланған болатын.