Депутаттардың сөзінше, әскердегі оқиғаларды жекелеген қайғылы жағдай деп қарастыруға келмейді.
Ішкі істер министрлігінің ғимаратында көшпелі Үкімет сағаты өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева әскердегі оқиғаларға қатысты мәселе көтерді.
"Әскери қызметшінің анасы ретінде мені де басқа аналар сияқты армиядағы қатыгез қарым-қатынас, оның ішінде әскерилердің өлімі мен суицидіне әкеп жатқан жайттар алаңдатпай қоймайды. Бұл оқиғаларды жекелеген қайғылы жағдай деп қарастыруға болмайды. Бұл әскердегі тәрбие ісінде жүйелік проблема бар екенін көрсетеді және сала бұл міндетін дұрыс орындай алмай отырғанын көрсетеді", – деді ол.
Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаевтың сөзінше, әскердегі келеңсіздіктер сарбаздардың әскерге дейін көрген тәрбиесінен туындайды. Ведомство өкілі әскери психологтер біліктілігін арттыру курстарынан өте бастағанын айтты.
"Жергілікті психологиялық орталықтарды психологиялық орталықтарды тартып жатырмыз", – деді Шайх-Хасан Жазықбаев.
Мәжіліс төрағасының орынбасары Дәния Еспаева әскердегі мәселені психолог арқылы ғана шешуге болса, бұл түйткіл баяғыда шешілген болар еді деп айтты.