ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жеке кәсіпкердің жұмыссыз ретінде тіркеліп, мемлекеттік қолдау шараларын алуға мүмкіндігі бар-жоғын түсіндіріп берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚР ЕХӘҚМ Халықты жұмыспен қамту департаментінің бас сарапшысы Жадыра Оразбаеваның айтуынша, ҚР Әлеуметтік кодексіне сәйкес, жеке кәсіпкерлер жұмыссыз ретінде тіркеле алмайды. Себебі, олар жұмыспен қамтылған адамдар санатына жатады.

"Алайда, бұған қарамастан мемлекеттік тіркеу мерзімі үш жылдан аспайтын жеке кәсіпкерлер жұмыссыз азаматтар сияқты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатыса алады.

Атап айтқанда, бұл азаматтар:

  • "Бастау бизнес" жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқудан өтуге,
  • Бастапқы бизнес жобаны іске асыру үшін 400 АЕК-ге дейін өтеусіз мемлекеттік гранттар алуға құқылы.
"Сонымен қатар, салық органдарында мемлекттік тіркеу мерзіміне қарамастан, skills.enbek.kz платформасында еңбек нарығында сұранысқа ие біліктілік бойынша курстарға қол жеткізе алады". Жадыра Оразбаева

Спикердің айтуынша, жеке кәсіпкерлер келесілерді жүзеге асыра алады.

  • жұмыс беруші ретінде жұмыссыз азаматтарды кәсіптік оқытуды ұйымдастыра алады, бұл ретте, білім беру қызметтері үшін мемлекеттік бюджеттен қаражат алуға құқылы.
  • мүгедектігі бар адамды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құрып, оларды жабдықтауға байланысты шығындарды өтеу мақсатында, мемлекеттен 300 АЕК субсидия алуға мүмкіндіктері бар.
"Бұл ретте, олардың жұмыссыз азаматтарды уақытша жұмыспен қамтамассыз ету мақсатында, мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарын ұйымдастыруға қатысуға құқығы бар",- деп қорытындылады маман.

Бұған дейін елімізде қайда қоныстану арқылы мемлекеттен қандай көмек алуға болатындығы жайлы жазғанбыз.