2025 жылғы 13 қазанға қараған түні Алматы қаласының Медеу ауданында бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған азамат Opel Vectra көлігімен жол-көлік оқиғасына себепкер болды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оқиға Сәрсенбаев көшесінің таулы бөлігінде, ұзақ бұрылыстардың бірінде болған. Жоғарыдан төмен түсіп келе жатқан жүргізуші көлікті басқара алмай, қарсы бағытқа шығып кетіп, бетон қоршауға соғылған. Сол сәтте қарсы бағытта келе жатқан Toyota Highlander көлігі жолда болған. Оның жүргізушісі соқтығысудан қашуға тырысқанымен, жол апатының алдын ала алмады.

Opel көлігінен төрт ер адам шыққан, олардың екеуі оқиға орнынан қашып кеткен. Жол-патрульдік полиция қызметкерлері келген кезде, қалған екі жолаушы кім көлікті жүргізгенін бір-біріне сілтеп, жауапкершіліктен жалтаруға тырысқан. Екеуі де мас күйде болған.

Сол уақытта тәртіп сақшылары оқиға орнынан қашып кеткен екі жолаушыны да тауып, оқиға орнына жеткізді. Осылайша, көлікті нақты кім жүргізгені анықталды.

Тексеру нәтижесінде, жүргізуші бұған дейін де көлікті мас күйде басқарғаны үшін жүргізуші куәлігінен айырылғаны белгілі болды. Енді оған Қылмыстық кодекстің 346-бабы бойынша 4 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.

Абырой болғанда, жол апатында ешкім қаза тапқан жоқ.

Бұған дейін "Шымбұлақ" тау-шаңғы курортында турист жарақат алғанын жазғанбыз.