2025 жылы тоғыз айдың ішінде Алматыда тозығы жеткен 390 үйдің иелері жаңа, жайлы жағдай жасалған пәтерге көшті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Алматы қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Көшіру жұмыстарын "Алматы қаласы әкімдігінің Капиталдық құрылыс кәсіпорны", "Алматы" ӘКК компаниясы мен инвестор жүзеге асырып жатыр.
Пәтер иелері жаңа тұрғын үйді "бөлмеге бөлме" қағидаты бойынша немесе бұрынғы мүлкінің нарықтық бағасына сай ақшалай өтемі түрінде алды. Бағдарлама аясындағы барлық пәтер таза әрлеумен тапсырылуда. Онда интернет желісі тартылған, өрт дабылы, санитарлық жабдықтар, фаянс бұйымдары, сондай-ақ газ немесе электр плиталары орнатылған.
9 ай ішінде Түрксіб ауданында – 127 адам, Жетісу ауданында – 107, Алмалыда – 58, Алатауда – 42, Әуезовте – 26, Медеуде – 18, Бостандық ауданында – 12 адам жаңа баспанаға көшті.
Бағдарлама аясында жыл басынан бері Алматыда 12 ескі үй бұзылған, жыл соңына дейін тағы алты нысанды сүру жоспарланған. Қоныстандыру мен сүру жұмысы тек меншік иелерінің келісімімен жүргізіледі.
Арнайы қажеттілігі бар тұрғындар үшін бірінші қабаттан немесе жеделсаты, пандусы мен кедергісіз кіру жүйесі бар үйлерден пәтерлер қарастырылған. Қала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында каркас-қамысты құрылыстар мен сейсмикалық белсенді аймақтардағы ғимараттарды бұзуға ерекше назар аударылып отыр.
Ұсынылған нұсқалардан бас тартқан меншік иелері өз үйлерінде тұра беру құқығын сақтайды, алайда мұндай жағдайда өмір сүру тәуекелі үшін жауапкершілікті өздері көтереді.
Жыл соңына дейін Капиталдық құрылыс кәсіпорны мен инвесторлар қоныс аударған тұрғындар санын 667 адамға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
"Жаңарту бағдарламасы арқылы тұрғындардың өмір сапасының жаңа деңгейі қалыптасады: жайлы жағдай, заманауи қалалық орта, қоғамдық кеңістік пен жаңа қызмет түрлері пайда болып отыр. Осы арқылы мегаполистің сәулеттік келбеті жаңарып, тұрғындар қауіпсіз әрі жайлы пәтерге қол жеткізіп келеді. 2030 жылға дейін тозығы жеткен үйлердің санын 1366-дан 690-ға дейін азайтып, шамамен 7 500 меншік иесін көшіру жоспарланып отыр", — деді "Капиталдық құрылыс кәсіпорнының" басқарма төрағасы Ринат Құрманов.
"Алматы қаласының тұрғын үйді жаңарту бағдарламасы – 2030" жобасын қала әкімдігі әзірлеп, 2024 жылдың қарашасында мәслихат бекіткен. Бағдарламаның әкімшісі – "Алматы" ӘКК, ал уәкілетті ұйым – "Алматы қаласы әкімдігінің Капиталдық құрылыс кәсіпорны" ЖШС.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз