Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 6 қазанда Қазақстан Республикасының Консулдық жарғысына өзгерістер енгізу туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Құжатқа сәйкес, консулдардың азаматтыққа байланысты бірқатар функциялары нақтыланды.
Енді консул:
- Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын тұлғалардан азаматтыққа байланысты өтініштерді қабылдап, қажетті құжаттармен бірге оларды Сыртқы істер министрлігі арқылы Президенттің қарауына жібереді;
- Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұратын тұлғалардың Қазақстан азаматтығын жоғалтқанын тіркейді;
- Шетелде тұратын тұлғалардың Қазақстан азаматтығына тиесілі немесе тиесілі еместігін анықтайды;
- Қазақстан Республикасынан тыс тұрақты тұратын азаматтарды Президенттің азаматтыққа қатысты қабылдаған шешімі туралы хабардар етеді.
Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.