Алдын ала мәліметтер бойынша жеңіл автокөлік қарсы жолаққа шығып, жүк көлігімен соқтығысқан. Полиция қайғылы жол апаты бойынша қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қайғылы оқиға 11 қазан күні «Омбы–Майқапшағай» автожолының Қызылқоғам ауылынан 3 шақырым жерде болған.

- «ВАЗ-2110» маркалы автокөліктің жүргізушісі қолайсыз ауа райы жағдайында көлікті басқара алмай, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Сол сәтте қарсы келе жатқан жүк көлігімен соқтығысқан. Оқиға салдарынан жеңіл көліктің жүргізушісі мен жолаушы көз жұмды, — деп хабарлады өңірлік полиция департаментінен.

Полиция жантүршігерлік көлік апаты дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталатын болады.

Полициейлер қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында жол қозғалысына қатысушыларға жол жүру ережелерін қатаң сақтауды, жылдамдық режимін төмендетуді және көлік құралының техникалық жағдайын үнемі қадағалап отыруды ескертеді.

Павлодар облысы