ҚР Парламенті Мәжілісінің кеңейтілген отырысында депутат Еділ Жаңбыршин киік популяциясының шамадан тыс артуына байланысты бірқатар нақты ұсынысын ортаға салды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, бұл мәселені жүйелі әрі ғылыми тұрғыдан шешу үшін заңнамалық және институционалдық деңгейде нақты шаралар қабылдау қажет.

Бірінші кезекте ғылыми негізде киік популяциясын реттеу механизмі енгізілуі тиіс. Бұл – әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылатын тәсіл. Мұндай жағдайда квота бөлініп, жануарлардың саны ғылыми негіздерге сүйене отырып реттеледі, – деді депутат.

Мәжілісменнің сөзінше, екінші маңызды ұсыныс – киіктердің еркін қозғалуына мүмкіндік беретін миграциялық дәліздерді сақтау және қорғалатын аумақтар желісін кеңейту. Бұл киіктердің табиғи қозғалысына кедергі келтірмеуге және экожүйе тұрақтылығын сақтауға бағытталған шара екенін айтты.

Оқи отырыңыз:

  • Киікке қатысты аграрлар мен ғалымдар нақты шешімдерді ұсынды
  • Киік көбейді – мәселе тереңдеді: Мәжілісте шешу жолдары қаралды

Депутат үшінші бағыт ретінде аграрлық зиян үшін өтемақы төлеу механизмін енгізуді алға тартты. Бұл фермерлер мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне нақты қолдау көрсетіп, олардың шығындарын азайтуға көмектесетінін атап өтті.

Төртінші ұсыныс – қоғамдық-ғылыми кеңес құру. Мұндай кеңес өзара пікір алмасуға, ғылыми ұсыныстар мен қоғам пікірін үйлестіре отырып шешім қабылдауға мүмкіндік беретінін тілге тиек етті.

Біз кезінде бар болған реттеу механизмдерін жоғалтып алдық. Енді оларды қайта қалпына келтіретін уақыт келді. Киіктерден алынатын өнімге (деривативтерге) байланысты заңнаманы қайта қарау керек. Оларды есепке алу, сақтау және заңды айналымға енгізу жүйесін қалыптастыру қажет. Сондай-ақ заңнамалық деңгейде броконьерлікке қылмыстық жауапкершілік, ал деривативтерді заңсыз айналымға енгізгендерге әкімшілік жаза қолдану тәртібін айқындау керек, – деді Еділ Жаңбыршин.

Ол сондай-ақ жануарлар дүниесін қорғау туралы заң мен Экологиялық кодекске киік популяциясын ғылыми реттеу мәселесіне қатысты өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтті.

Ең бастысы – шұғыл заңдық және құқықтық негізді қалыптастыру. Бұл – киік мәселесін жүйелі түрде шешудің алғышарты, – деді депутат Еділ Жаңбыршин.