10 қазанда Ақмола облысының полиция қыметкерлері жолда нөмірсіз келе жатқан автокөлікті тоқтатты. Тексеріс кезінде жүргізуші су жаңа темір тұлпарды автосалоннан ұрлап кеткені анықталды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Өңірлік полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, таңғы сағат 06:40 шамасында "Көкшетау-Рузаевка" тас жолының 36-шақырымында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері мемлекеттік нөмірсіз келе жатқан Kia Cerato автокөлігін байқайды.
Полицейлердің айтуынша, жүргізушінің мінез-құлқы күдік тудырған. Сол себепті тәртіп сақшылары көлікті тоқтатып, тексеріп көруді шешкен.
Кейін автоны жүргізген жас жігіттің көлікті автосалоннан ұрлап кеткені анықталды. Қызығы, ол сол автосалонның қызметкері болып шықты.
"Белгілі болғандай, жүргізуші куәлігі жоқ жас жігіт көлік жүргізген. Одан әрі талқылау барысында оның Астанадағы автосалонда жұмыс істейтіні және туыстарына бару үшін жаңа көлікті тікелей жұмыстан ұрлап кеткені белгілі болды.Полицейлер дереу елорданың әріптестерімен байланысқа шықты. Олар ұрлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны, ал көлік құралы іздеуде екенін растады. Бір қызығы, жүргізуші алкогольді тұтынбаған, бірақ полицейлердің айтуынша, жүргізуші куәлігінің болмауы оны жол қозғалысына ықтимал қауіпті қатысушы етеді", — деді полиция өкілдері.
Ұсталған адам одан әрі тексеру үшін Көкшетау қалалық полиция бөлімі қызметкерлеріне берілді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз