Ақтауда отандық ірі мұнай-газ операторларын бір алаңға тоғыстырған форумды Мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталығы мен Энергетика министрлігі бірлесіп ұйымдастырды . Шараның өтуіне Парламент Мәжілісі қолдау көрсетті. Форум аясындағы көрмеде отандық өндірушілердің тауарлары көпшілік назарына ұсынылды.
Форумға мемлекеттік органдар, отандық және халықаралық өндірушілер, трансұлттық мұнай компанияларынан 400-ден астам делегат келді. Шара көрмеден басталды. Жиынға қатысушылар қазақстандық кәсіпорындарда жасалған жабдықтарды көрді. Өндіріске қажетті өзге де тауарлар еліміздің мұнай-газ секторында қолданылады.
Дастан Әбішев, Мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталығының бас директоры:
- Біз бір алаңда бүкіл бизнес пен ірі мұнай-газ, химия саласының ең ірі операторларымен бас қосып отырмыз. Біздің орталық 200-ден астам қазақстандық өндірушілерді аралап, олардың деңгейін зерделеп, ірі операторлардың ең көп сатып алатын тауарларын анықтап, тізімін жасап қойдық. Шетелдік инвесторлармен жұмыс жасап, серіктестіктер құру бойынша елімізде локализация бойынша 8 жоба іске асырылған. Тағы 10 жоба жүзеге асырылады.
Жиынның пленарлық сессиясында Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов энергетика саласын тұрақты дамыту бағытында мемлекет пен бизнес арасындағы ашық диалогтың маңыздылығына тоқталды. «Теңізшевройл», «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» сияқты мұнай-газ операторлары жергілікті қамтуды дамыту және қазақстандық өндірушілермен өзара іс-қимылды кеңейту бағытындағы жобаларын таныстырды.
Марко Марсили, «Қарашығанақ петролиум оперейтинг» бас директоры:
- Жиын жергілікті және отандық кәсіпорындарға бізге қажетті тауарлар және қызмет түрлерімен таныстыруға мүмкіндік берді. Осы ретте мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталыққа ерекше тоқталып өткен жөн. Оның тарапынан ауқымды жұмыс атқарылуда.
Шара соңында мұнай-газ операторлары мен отандық өндірушілер арасында жалпы сомасы 400 млн доллар болатын бірқатар келісімшартқа қол қойылды. Бұл құжаттар ұлттық өнеркәсіптің дамуына бағытталған. Қатысушылар B2B форматтағы кездесуде отандық мұнай-газ өнімдерінің техникалық сипаттамасымен танысты. Сондай-ақ әлеуетті жеткізушілермен сатып алулар бойынша мамандандырылған сессиялар ұйымдастырылды.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев