Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы Құлан ауылында 6 жасар бала көз жұмды. Туыстары баланың өліміне дәрігерлердің салғырттығы себеп болғанын айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Аталған жағдайға қатысты видео Instagram желісіндегі Абдулла Жолаев парақшасында жарияланды. Жазбаға сәйкес, 6 жастағы бүлдіршін 29 қыркүйектен бастап ауырған.

"Учаскелік дәрігерге көрінуге барғанда дәрігер ешқандай көмек көрсетпеген. Сөйтіп үйіне қайтарып жіберген. Баланың апасы дәрігерлерге тізерлеп, жалынып сұраған соң ғана 7 қазанда ауруханаға жатқызған. Бірақ ауруханаға жатқызғанымен ешқандай тексеру жүргізбеген, диагноз қоймаған. Ауырсыну басылмаған соң тек "Креон" дәрісін берген. 10 қазанда бала сонда сөз жұмды", — делінген желіде жарияланған видеоның сипаттамасында.

Видео авторының сөзінше, анасы да осы ауруханада екі жыл бұрын жан тапсырған.

"Баламызды сот-медициналық экспертизаға алып кеткелі жатыр. Ешқандай дәрі бермеген. Бір апта бойы қиналған. Тек қана Креон берген. Бәрін жасырып отыр. Диагнозын айтпайды, ауру тарихын бермейді", - дейді әйел.

Баланың туыстары Денсаулық сақтау министрлігі мен Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады.

Бүлдіршін өліміне қатысты видеоға Рысқұлов аудандық ауруханасы өкілдері түсінік берді. Медициналық мекемедегілер баланың ауруханаға 7 қазанда әжесімен бірге түскенін мәлім етті.

"Өт жолдарының ауруымен 7 қазаннан бері клиникалық хаттамаға сәйкес, тиісті зерттеулер жасалып, тағайындалған емді қабылдады. Баланың жағдайы орташа ауырлықта болған. 10 қазанда сағат 06:55-те кенеттен қайтыс болды. Қазір баланың өлім себебін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Полицияға хабарланған, сот-медициналық сараптама тағайындалған", - делінген хабарламада.

Аурухана өкілдері сараптама қорытындысы дайын болғанда жағдайға қатысты толық мәлімет берілетінін атап өтті.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз