Жақын уақытта жаңа паспорттың сигналдық (сынақ) нұсқасы дайындалады.
Қазақстан Республикасының паспортының жаңа дизайны әзірленіп жатыр. Бұл туралы мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Instagram-парақшасында хабарлады.
Оның айтуынша, жаңа дизайнды дайындау 2025 жылғы ақпан айында басталған. Қазіргі паспорт үлгісі айналымда 17 жылдан бері қолданыста.
"Ұлттық банктің жетекші дизайнерлері мен Банкнот фабрикасының мамандары паспорттың визуалды бейнесінің жаңа тұжырымдамасын жасап жатыр. Жұмыста халықаралық стандарттар мен қазіргі трендтер ескерілді: минималистік стиль, визалық беттердегі фондық суреттер және жалған құжаттан қорғаудың жаңа элементтері енгізіледі", – деді Ерлан Қарин.
Мемлекеттік хатшының айтуынша, жаңа дизайн Қазақстанның ұлттық болмысын, мәдени алуан түрлілігін және көрікті жерлерін бейнелейді. Жақын уақытта жаңа паспорттың сигналдық (сынақ) нұсқасы дайындалады. Бұл көпсатылы баспа және қорғаныс технологияларын қолдануды қажет етеді, сондықтан процесс бірнеше айға созылады.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда барыс бейнесі бар жаңа қорғаныш элементі енгізілген паспорттар беріліп жатыр
"Жаңа үлгідегі паспорт енгізілген кезде ескі құжаттарды жаппай ауыстыру жоспарланбайды. Паспорт тек мерзімі біткен, бүлінген немесе азаматтың жеке өтініші бойынша ғана ауыстырылады. Бағасы өзгеріссіз қалады", – деді Ерлан Қарин.
Қазір Банкнот фабрикасының мамандарымен паспорттың цифрлық макетін өндіріске енгізу жөніндегі техникалық мәселелер талқыланып жатыр.