Көкшетауда алғаш рет үй кезегінде жылдар бойы тұрған 21 жанұя "Отбасы банк" арқылы баспаналы болды. Пәтер иелерінің қатарында көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар, жетім балалар және 1 мен 2 топтағы мүгедіктігі бар азаматтар бар.

"Отбасы банк" Ұлттық даму институты мәртебесінде алғаш рет несиеге берілетін тұрғын үйлерді бөлді. Алғашқы қоныстой иелеріне пәтер кілттерін облыс әкімінің орынбасары Әміренова Алтынай мен "Отбасы банк" АҚ Ақмола облыстық филиалының директоры Алмат Нұрахметов табыстады.

Облыста жаңа тұрғын үйлердің құрылысы қарқын алуда. Соңғы екі жылда тұрғын үймен бес мыңға жуық мұқтаж отбасы қамтамасыз етілді. Сіздерді көптен күткен жаңа қоныспен шын жүректен құттықтай отырып, шаңырақтарыңызға құт-береке тілеймін", — деді облыс әкімінің орынбасары Алтынай Байқадамқызы құттықтау сөзінде.

Кезекте тұрған азаматтарға тұрғын үйді Ақмола облысының әкімдігі ұсынды. Жыл соңына дейін "Отбасы банк" 1 шаршы метрінің бағасы 261 850 теңге болатын екі бөлмелі 68 пәтердің кілтін табыстамақ.

Фото: NUR.KZ / Узекова Айгуль

Өңір тұрғындары бұл пәтерлерді жеңілдетілген мөлшерлемемен сатып алған. Жылдық мөлшерлеме – 2% (ЖТСМ 2%-дан 2,1%-ға дейін) және 5% (ЖТСМ 5,2%-дан 5,8%-ға дейін), бастапқы жарна – 10%.

"Бүгін алғашқы 21 отбасы баспаналы болды. Жақын арада тағы 47 пәтер тапсырылады. Биыл барлығы 68 пәтер береміз деп жоспарлап отырмыз. Қазір 55 пәтерлі үйге конкурс жарияланды. Бұл – Қазақстан бойынша тек Ақмола облысында "Отбасы банкінің" "Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы" жүзеге асырып жатқан пилоттық жоба. Қоныс құтты болсын. Бақ, береке кетпесін шаңырақтарыңыздан", — деп Алмат Нұрахметов ізгі тілегін жеткізді.

Баспаналы болуды ұзақ күткендердің бірі – Жанат Закирина. Үй кезегінде 18 жыл тұрыпты. Екі баласы бар жалғызлікті ана 5 жыл бойы бір бөлмелі пәтер жалдап келген.

"Үш жыл депозитке ақша жинадым. 16 миллионға екі бөлмелі пәтер алып отырмыз. Жылдық мөлшерлеме – 5% (ЖТСМ 5,2%-дан 5,8%-ға дейін). Көңіл күйіміз керемет. Балалар да қуанышты. Ризамыз", — дейді өз шаңырағына қолы жеткен Жанат.

Зайра Аубакирова бес баласы бар медбике. Бүгінге дейін жатақхана мен пәтер жалдап, амалдаған.

Көкшетауда алғаш рет үй кезегінде жылдар бойы тұрған 21 жанұя
Фото: NUR.KZ / Узекова Айгуль

"Отбасы банкке" алғыс айтамын. Үйіміз жылы. Қалаға ауылдан өткен жылы көштік. Алғаш рет конкурсқа желтоқсанда қатыстым. Ол кезде табысым аз болды. Тамызда тағы қатысып, міне баспаналы болдым", — дейді қуанышты ана.

Ал үш бала тәрбиелеп отырған Нұргүл Сейіткажина баспанасын 11 жыл күткен. Кезекке толық емес отбасы ретінде тұрған. Бухгалтер болып жұмыс істейтін жалғызбасты ана 150 мыңға 3 бөлмелі пәтер жалдапты.

"Шынымды айтсам, баспанаға қол жеткіземін деп мүлдем ойламадым, күтпедім де. Енді міне 44 шаршы метр болатын 2 бөлмелі пәтерім бар. Ай сайын 87 мың теңге төлеймін. Несиені 12 жылға алдым. Өте қуаныштымын", — дейді су жаңа пәтер иесі.

Екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі Бақыт Бексұлтанов пәтер кілтін алғанда, көзіне жас келгенін жасырмайды.

"Мен бұл үйді 9 жыл күттім. Мүгедек адам үшін пәтер жалдап тұру оңай емес, Енді өз үйіміз бар", — дейді Бақыт.

Көкшетауда алғаш рет үй кезегінде жылдар бойы тұрған 21 жанұя
Фото: NUR.KZ / Узекова Айгуль

Айта кетейік, "Отбасы банкінде" жеңілдетілген әлеуметтік тұрғын үйге өтініш қабылдау биылғы жылдың тамызында басталды. Оған үй кезегінде тұрған азаматтар қатысты. Жүйе азаматтардың есепке алынған күні мен табыс деңгейін ескере отырып, тұрғын үйлерді автоматты түрде бөлді. Ең алдымен тұрғын үй басымды санаттағы азаматтарға бөлінді. Оларға Екінші дүниежүзілік соғыс және оған теңестірілген ардагерлер, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы отбасылар, I және II топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар, жесірлер немесе жұбайынан айырылғандар кірді.

Жақын арада "Отбасы банк" жалдамалы және кредиттік тұрғын үйлерді елдің басқа өңірлерінде де бөлуді бастайды. Әкімдіктерде кезекте тұрған азаматтарға тапсыруға дайын тұрғын үйлер бар. Бұл – тұрғын үй кезегін жылдамдатуға және ең ұзақ уақыт күткен азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік бермек.

Көкшетауда алғаш рет үй кезегінде жылдар бойы тұрған 21 жанұя
Фото: NUR.KZ / Узекова Айгуль

*Қазақстан Республикасының 2024 жылғы 29 сәуірдегі № 1.1.111 банк заңнамасында көзделген банктік және өзге де операцияларды жүргізуге арналған лицензиясы.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз