Күдіктілер қылмысты алдын ала жоспарлаған.
Атырау облысында 23 жастағы Яна Легкодимованың өліміне қатысты іс бойынша сот өтіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Прокурор қылмыстың алдын ала жоспарланғанын және айыпталушылардың ізді жасыру жолдарын талқылағанын айтты. Тергеу мәліметінше, 2024 жылдың 18 қазанында Янаға танысы қоңырау шалып, үйінен шығып кеткен. Ол сырт киімін алмаған. Соңғы рет оны танысының көлігінде көрген. Кейін қыз жоғалып кеткен.
Сотта Янаның анасы қызы жоғалып кеткеннен кейін бөлмесінен күнделік тапқанын айтқан. Оның сөзінше, Яна ешқашан күнделік жазбаған, бірақ қайғылы оқиғаға алты күн бұрын күнделік жүргізуді қолға алған. Полиция Янаның күнделігі арқылы күдіктілерді анықтады. Көп ұзамай 24 жастағы Р. және оның 25 жастағы сыбайласы ұсталды. Күдіктінің бірі Янаны көлік ішінде қылқындырып өлтірген, ал екіншісі көліктің есігін ұстап, оның сыртқа шығуына жол бермеген. Кейін олар мәйітті қала сыртына апарып, Талдыкөл ауылы маңындағы Жайық өзеніне тастаған. Янаның денесі 8 айдан кейін ғана табылды.
"НеМолчи.kz" қоғамдық қорының мәліметінше, сотта прокурор айыпталушылар арасындағы хаттарды оқып берді. Тергеу барысында күдіктілердің WhatsApp пен ВКонтакте желісіндегі хат-хабарлары қалпына келтірілді. Екі күдіктінің қылмысты алдын ала жоспарлап, талқылағаны анықталды.