АҚШ-та жаңа үрдіс байқалып отыр – америкалықтар адвокаттардан бас тартып, олардың орнына генеративті жасанды интеллект (ЖИ) құралдарын пайдалана бастады, деп хабарлайды Zakon.kz.
NBC телеарнасы бұл жағдайға нақты мысал ретінде Линн Уайт есімді америкалық әйелдің оқиғасын келтірді. Ол жалдау ақысын уақытында төлемегені үшін трейлер-үйінен шығарылу қаупіне тап болған. Алғашында ол сот тағайындаған адвокаттың көмегіне жүгініп, жеңіліп қалған.
Алайда кейін Линн Уайт апелляциялық шағым түсіріп, бұл жолы ChatGPT және Perplexity сияқты ЖИ-сервистерді пайдаланған. Соның нәтижесінде ол өз үйін сақтап қалып қана қоймай, алғашқы қарыз сомасын азайтуға да қол жеткізді.
"Жасанды интеллекттің көмегін асыра бағалау мүмкін емес. Егер ЖИ болмағанда, мен бұл апелляцияны ешқашан жеңе алмас едім", – деді Линн Уайт.
Соған қарамастан, басылым ЖИ арқылы жасалған заңгерлік құжаттар мен мәтіндер жиі қателіктер мен дәлсіздіктерге толы болатынын ескертеді. Тіпті, ЖИ-компанияларының өздері де өз қызметтерін құқықтық мақсатта пайдалануға кеңес бермейді.
Сонымен бірге, заң саласының мамандары ЖИ-дің келешекте заңгерлердің жұмысына енуіне оң көзқарас танытып отыр. Оңтүстік Калифорниялық адвокат Эндрю Монтезаның айтуынша, ЖИ оның заңгер ретіндегі талдауын толығымен алмастыра алмаса да, жұмысын едәуір жеңілдететініне сенімді.
"Болашақта барлық заңгерлер ЖИ-ді қалайда қолдануға мәжбүр болады. Әйтпесе, олар бәсекеге қабілетсіз болып қалады", – дейді Монтеза NBC арнасына берген сұхбатында.
Бұған дейін Түркияда қылмыс әлемінің атышулы серісі "Тозақ Неджати" тұтқындалғанын жазған болатынбыз.