Соттың шешімі заңды күшіне енген .
2022 жылдың наурыз айының соңында Орал қаласының ауруханасына жедел жәрдем көлігімен жедел жұқпалы аурумен түскен 45 жастағы әйел көп ұзамай қайтыс болған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қайғылы оқиғадан соң марқұмның анасы мен әпкесі облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен аурухананың үстінен моральдық шығынды бірлесіп өндіріп алуды сұрап, сотқа шағым түсіреді.
Олар талап қоюда жақындарының өліміне медицина қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін орындаудағы салғырттығы мен медициналық көмек көрсету нормаларын бұзуының салдары себеп болғанын көрсеткен.
– Талап қоюшылар қызы мен әпкесінен айырылу олар үшін ауыр психологиялық күйзеліс болғанын атап көрсеткен. Үш жыл өтсе де, олар ауыр психикалық, физикалық және эмоционалдық азапты бастан кешіруде.
Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаменті жүргізген тексеру нәтижесінде науқасты диагностикалау, емдеу, бақылауда көптеген заң бұзушылық анықталды, – деп хабарлады Жоғарғы сот ресми парақшасында.
Яғни, емдеуші дәрігер медициналық көмек көрсету стандарттарынан ауытқыған, кәсіби міндеттерін дұрыс орындамаған, сондай-ақ медициналық құжаттарды бұрмалаған.
Әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған сотта өткен сот талқылауының қорытындысы бойынша аурухананың үш дәрігері сапасыз медициналық қызмет көрсеткені үшін ӘҚБтК бойынша тәртіптік жауапкершілікке тартылып отыр.
Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданының №2 соты аурухананың медицина қызметкерлерінің іс-әрекеті мен науқастың өлімі арасындағы тікелей себептік байланысты анықтап, сондай-ақ моральдық зиянды өтеу туралы талаптарды негізді деп таныған.
Істің мән-жайын ескере отырып, талап қою ішінара қанағаттандырылды: ауруханадан марқұмның анасы мен әпкесінің пайдасына 3 миллионнан астам теңге өндірілді.