Желіде тараған видеода фельдшерлердің жолда жатқан жасөспірімге алғашқы медициналық көмек көрсетіп жатқан сәті көрінеді.
Алматыда Жандосов пен Береговой көшелерінің қиылысында жедел жәрдем көлігі жаяу жүргіншіні қағып кетті.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 7 қазан күні шамамен сағат 17:20-да Әуезов ауданында болған.
– Жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Жандосов көшесімен шығыс бағытта, қарсы қозғалыс жолағымен келе жатып, Береговой көшесінің қиылысында жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан адамды қағып кеткен. Оқиға салдарынан 2009 жылы туған жасөспірім ауруханаға жеткізілді, – деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, зардап шеккен бала №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасына жеткізілген.
– Нейрохирургтің тексеруінен және зерттеулерден кейін "жабық бас-ми жарақаты, мидың шайқалуы, бастың, беттің және сол жақ тізе буынының жұмсақ тіндерінің көгеруі" диагнозы қойылды. Науқастың жағдайы орташа ауыр, – делінген басқарманың хабарламасында.
Қазір жасөспірім нейрохирургия бөлімшесінде бақылауда.
Оқиғаның барлық мән-жайын Әуезов аудандық полиция басқармасы анықтап жатыр.