Қазіргі таңда қолданыста Әл-Фараби, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мемлекеттік сыйлықтар мен Қаныш Сәтбаев атындағы атаулы сыйлық бар.
Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин Сенат депутатының академик Шахмардан Есеновтің 100 жылдығын мерекелеуге қатысты сауалына жауап берді. Оның айтуынша, ғалымның мерейтойы Қызылорда облысы әкімдігінің ұсынысы бойынша 2026-2028 жылдарға арналған мерейтойлар мен атаулы күндер тізбесіне енгізілген.
Сондай-ақ, Сыртқы істер министрлігіне ғалым Шахмардан Есеновтың 100 жылдығын ЮНЕСКО-ның атаулы күндер тізіміне енгізу туралы ресми хат жолданған.
Академиктің 100 жылдығы аясында республика көлемінде көптеген шараларды өткізу ұсынысы қолдау тапқанымен, Серік Жұманғарин ғалымның атында сыйлық тағайындау ісі бюджет қаражатының шектеулілігіне байланысты орындалмайтынын хабарлады.
"Президенттің Жарлығымен Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы гуманитарлық ғылымдар саласындағы екі мемлекеттік сыйлық белгіленген болатын. Сонымен қатар, Ұлттық ғылым академиясының негізін қалаушы Қаныш Сәтбаевтың есімімен аталатын атаулы сыйлық бекітілген. Республикалық бюджеттің шектеулі мүмкіндіктеріне және әлеуметтік бастамаларды қаржыландыруды оңтайландыру қажеттілігіне байланысты қосымша мемлекеттік сыйлықтар тағайындау мәселесі қарастырылмайды", – деді үкімет басшысының орынбасары.
Серік Жұманғарин Қызылорда облысының әкімдігі биылғы 14 қарашада Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізуді жоспарлап отырғанын еске салды. Ал 2026 жылғы сәуір айында "Шахмардан Есеновтың ғылым мен өндірісті біріктірудегі тәжірибесі" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізіледі. Одан кейін, 2027 жылы академиктің 100 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізу, сондай-ақ университетте заманауи технологиялық кабинет ашу жоспарланған.
Оқи отырыңыз:
Сенат депутаты Қаныш Сәтбаевқа "Халық қаһарманы" атағын беруді ұсынды
Жездіден – Жеңіске! Гитлер фашизмін күйретуге Қаныш Сәтбаевтың қосқан үлесі қандай