Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов үкімет отырысында цифрлық кеңістіктегі жаңа сын-қатерлер туралы айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Агенттік төрағасы орынбасарының айтуынша, аудиториясы үлкен отандық блогерлер оңай ақша іздеп, онлайн-құмар ойындарды белсенді түрде жарнамалап, оған азаматтарды тартып жатады.
"Осындай 37 адам анықталып, 18-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың басым бөлігі бұл қадамға білместікпен емес, жиі-жиі заң бұзуға мақсатты түрде барады. Құмар ойындарды жарнамалауға қатысты тікелей жауапкершіліктің болмауы жағдайды қиындатып отыр. Осыған байланысты біз қаржы пирамидасына ұқсас онлайн-казиноларды жарнамалауға қатысты қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынамыз", — деп атап өтті Қайрат Бижанов.
Айта кетейік, бұған дейін сенат депутаты Геннадий Шиповских палата отырысында жолдаған депутаттық сауалында Қазақстанда онлайн-казино жарнамалағаны үшін блогерлердің жауапкершілігін күшейтуді ұсынған еді.
Ал Қаржылық мониторинг агенттігі онлайн ойындарды жарнамалауға қатысы бар деген 34 блогерге қатысты тексеру жұмыстарын жүргізіп жатқанын және олардың 11-і жауапқа тартылғанын хабарлаған. Ведомство блогерлердің есімін де жария етті.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз