Газаға Жерорта теңізі арқылы гуманитарлық көмек жеткізбек болған Global Sumud флотын Израиль әскері тоқтатты, деп хабарлайды 24.kz.
Тамыз айында жасақталып жолға шыққан бейбіт кемелер керуені 2 қазанда аймаққа тақаған еді. Бұл шараның мақсаты Газаға азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізіп, гуманитарлық дәліз ашу арқылы Израильдің теңіз блокадасына бейбіт қарсылық көрсету болған. Қазір халықаралық қауымдастық Израильдің әрекетін айыптап жатыр.
Global Sumud флоты – Газаға көмек жеткізу және халықаралық елдердің бірлескен қолдауын көрсетуге бағытталған ең ірі бейбіт миссия. Оның құрамында шамамен 500 адам мінген 40-тан астам азаматтық кеме бар. Испания, Түркия, Италия мен Швеция сияқты 15-тен аса елдің өкілдері қатысуда. Израильдің оны тоқтатуы халықаралық дипломатиялық дағдарыс тудырды.
Мадрид қаласында мыңдаған студент бейбіт кемелердің тағдырына алаңдап, наразылыққа шықты. Испания жастары ел үкіметінен флотты қорғау үшін әскери кеме жіберуін және гуманитарлық көмектің Газаға бүтін жетуін талап етті. Испания премьер-министрі Педро Санчес флоттағы испан азаматтырының толық дипломатиялық қорғауға ие екенін атап, Израильден күш қолданбауды сұрады.
"Израиль үкіметіне алғашқы минуттан бастап айтып келе жатқаным – флот құрамындағы испан азаматтары толық дипломатиялық қорғауға ие. Олар Израиль үшін қауіп-қатер төндірмейді. Сондықтан Израиль флотқа қарсы әскери әрекетке бармайды деп сенемін", — дейді Испания премьер-министрі Педро Санчес.
"Испания үкіметі бейбіт флотты қорғау үшін ешқандай қадамға бармады, әскери кеме жіберген жоқ. Салдарынан флот кері қайтуға және Израильдің қысымына көнуге мәжбүр. Қару емес, тамақ және дәрі апара жатқан кемеден не қауіп бар, бейбіт миссия неге аяқсыз қалды, біз соған ашулымыз", — дейді Испания Студенттік ұйымының бас хатшысы Корал Латорре.
Израиль үкіметі бұл операцияны "теңіз блокадасын заңсыз бұзу" деп сипаттап, гуманитарлық көмекті ресми арналар арқылы жеткізуге болатынын мәлімдеді. Ұсталған бес жүзге жуық белсендінің барлығы депортацияланатынын айтты.
Бұл әрекет Испания ғана емес, Еуропаның басқа елдерінде толқу тудырды: Италияда 24 сағаттық жалпы ереуіл жарияланды. Наразылық шеруі кезінде көлік қозғалысы тоқтатылып, тәртіпсіздіктер болды.
Global Sumud теңіз флоты Израильдің әрекетіне қарамастан, Газаға гуманитарлық көмек жеткізу миссиясын жалғастыруға ниетті. Саяси сарапшылардың айтуынша, флоттың келешегі халықаралық заңдар мен дипломатиялық келіссөздерге сүйеніп айқындалуға тиіс. Өйткені бұл миссия тек азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізіп қана қоймай, теңіз блокадасына бейбіт қарсылық көрсету және халықаралық гуманитарлық дәліздің сақталуына үлес қосуы қажет.
Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз