Мемлекет басшысы Cameco корпорациясының президенті Тим Гитцельді қабылдады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Президенттің Нью-Йорк қаласындағы жұмыс сапары канадалық трансұлттық компанияның басшысымен кездесуден басталды. Жүздесуде уран өндіру саласындағы ынтымақтастық перспективасы талқыланды.

"Қасым-Жомарт Тоқаев Cameco "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрыннан келе жатқан сенімді серіктесі екенін атап өтті. Елімізде қызмет ете бастағаннан бері аталған компания 500 миллион доллардан астам инвестиция құйған әрі технологиялар трансфертіне ықпал еткен. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан энергетиканы дамытудың жаңа кезеңіне өтіп, алдағы уақытта үш атом электр стансасын салуды көздеп отыр. Еліміз атом саласында қолданылатын инновациялық тәсілдерге қызығушылық танытады", делінген 2025 жылғы 21 қыркүйектегі Ақорда хабарламасында.

Тим Гитцель Президентке "Инкай" бірлескен кәсіпорнының қазіргі қызметі мен жоспарлары жөнінде ақпарат бергені де нақтыланады. Бұл компания Түркістан облысында орналасқан кен орнын ширек ғасырдан бері игеріп келеді.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йорктегі жұмыс сапары басталғаны хабарланған.