Қазақстандық танымал кәсіпкер, белгілі продюсер Баян Мақсатқызының күйеуі Тұрсын Алагөзов "Қайрат" футболшыларына мадридтік "Реалды" жеңген жағдайда көлік сыйлауға уәде етті. Ол қазақстандық спортшыларға жолдаған үндеуін әлеуметтік желіде жариялаған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Тұрсын Алагөзовтың видеосын келіншегі Баян Мақсатқызы Instagram-дағы парақшасында бөліскен. Кәсіпкер мадридтік команданы жеңген жағдайда, алаңға шыққан әрбір "Қайрат" ойыншысына көлік сыйлайтынын айтты.

"Алматы күні – әрқайсымыз үшін ерекше мереке. Мен де барша қазақстандық патриоттар секілді сүйікті шаһарымыздың туған күнін атап өтудемін. Ал дәл 10 күннен кейін еліміздің басты мақтанышы – "Қайрат" әлемнің ең мықты клубтарының бірі "Реалмен" матч өткізеді. Елімнің патриоты ретінде әрі туған күнімнің қарсаңында мен мынадай уәде бергім келеді: егер "Қайрат" жеңіске жетсе, алаңға шыққан әрбір ойыншыға автокөлік сыйлаймын. Алматы – әлемнің астанасы, "Қайрат" – чемпион!", – деді Тұрсын Алагөзов.

Айта кетейік, "Қайрат" пен мадридтік "Реалдың" арасындағы матч 30 қыркүйекте Алматының орталық стадионында өтеді. Бұл тек қазақстандық футбол үшін ғана емес, тұтас ел спорты үшін айтулы оқиға болмақ.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз