Қазақстан мен Ресей шекарасында ұзын-сонар кезек қалыптасты. Кептеліс орнына арнайы барған шенеуніктердің ақпаратынша, бұл жағдайға Ресей Федерациясының тарапынан бақылау шараларының қатаңдатылуы себеп болып отыр, деп Көлік министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Ведомствоның хабарлауынша, мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Көлік министрлігі өкілдері Шекара қызметімен бірлесіп, РФ-мен мемлекеттік шекара арқылы өтуге жағдай жасайтын, әрі елдің көлік-логистикалық жүйесінде стратегиялық маңызға ие автомобиль өткізу пункттеріне іс-сапар жасады.

Оның барысында өткізу пункттерінің инфрақұрылымы, автокөлік қозғалысына арналған жолақтар, тексеру алаңдары, сондай-ақ азаматтар мен қызметкерлерге қызмет көрсетуге арналған ғимараттар мен нысандар жан-жақты тексерілді.

"Тексеру нәтижесінде бірқатар өткізу пункттерінде, әсіресе жүк көліктерінің Ресей Федерациясы бағытына қарай шығатын бейтарап аймақта жиналуы анықталды. Бұл кезектің қалыптасуына, өткізу рәсімдерінің баяулауына және жүргізушілер үшін қосымша уақыт шығынына әкелуде.

Аталған жағдайға Ресей Федерациясы тарапынан бақылау шараларының қатаңдатылуы себеп болып отыр. Атап айтқанда, жүктерді тексеру рәсімдері күшейтілген, көлік құралдарын қарау уақыты ұлғайтылған, сондай-ақ құжаттарды тексеру мен санитарлық және фитосанитарлық талаптардың сақталуын бақылауға қосымша шаралар енгізілген", — делінген ресми хабарламада.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз