Қазақстандық грек-рим балуаны Айдос Сұлтанғали 2025 жылы Загребте өткен әлем чемпионатында тарихи жеңіске жетті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Спортшы Хорватия астанасында 60 килограмға дейінгі салмақ санатында сынға түсті. Ол финалда Азияның қазіргі вице-чемпионы өзбекстандық Әлішер Ганиевпен күш сынасты.
Алты минутқа жоспарланған жекпе-жек мерзімінен бұрын аяқталды. Сұлтанғали жылдам басымдыққа ие болып, 9:0 есебімен жеңіске жетті.
29 жастағы қазақстандық алғаш рет әлем чемпионы атанды. Ол бұған дейін екі рет (2018 және 2022 жылдары) осы деңгейде қола жүлдегер атанған болатын.
Сұлтанғали – грек-рим күресінен XXI ғасырдағы қазақстандық тұңғыш әлем чемпионы. Бұған дейін мұндай атақты қазақ балуандары Юрий Мельниченко (1994, 1997), Мхитар Манукян (1998, 1999) және Бахтияр Байсейітов (1998) жеңіп иеленген болатын.
Бұл ұлттық құраманың күрес түрлерінен қазіргі әлем чемпионатындағы жалғыз алтыны. Әйелдер құрамасы жүлдесіз қалса, еркін күрестен Асылжан Есенгелді мен Нұрқожа Қайпанов қола жүлдені қанағат тұтты.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз