Кейінгі уақытта ішкі нарықта сиыр еті бағасының өсуі байқалып, тұтынушылардың алаңдаушылығын тудырды. Осыған орай Ауыл шаруашылығы министрлігі ет өндірісінің өзіндік құны мен баға қалыптастыру тетігіне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Министрліктің дерегінше, 1 келі сиыр етінің орташа өзіндік құны 2 800-3 100 теңге аралығында. Көтерме саудадағы шамамен 15% үстемеақыны қосқанда, баға 1 кг үшін 3 400-3 500 теңге деңгейінде қалыптасып отыр.

Өзбекстан мен Тәжікстанда – 1 келі сиыр еті 6 500 теңгеге дейін, Ресейде – 8 500 теңгеге дейін, Қытайда – 8 000 теңгеге дейін, Түрікменстанда – 9 000 теңгеге дейін, ал Түркияда – 13 000 теңгеге дейін жетеді.

Министрлік түсіндіргендей, ірі қара малдың тірі салмағының 50–60%-ы ғана ет ретінде пайдаланылады. Оның ішінде тек 15–20%-ы премиум санатқа жатады (филе, рибай, жамбас еті), орта деңгей – 40–45%, төменгі деңгей – шамамен 25%. Ал сүйек, май және қалдық бөлігі – 15–20%-ды құрайды. Сондықтан бөлшек саудадағы баға тек өзіндік құнға ғана емес, еттің сапасына, тағамдық құндылығына, малдың семіздігіне және қайта өңдеу тәсіліне байланысты.

Бағаны тежеу шаралары

АШМ негізсіз қымбаттаудың алдын алу үшін жүйелі шараларды жалғастырып жатыр. Олардың қатарында:

  • бордақылау алаңдары мен шаруашылықтарды жеңілдетілген несиелеу бағдарламасын кеңейту;
  • ет өңдеу кәсіпорындарын салу және жаңғыртуды қолдау;
  • форвардтық сатып алу мен интервенциялар арқылы бағаны тұрақтандыру;
  • өнім өткізу тізбегінде бәсекелестік заңнамасының сақталуына бақылауды күшейту бар.

Ведомство әкімдіктермен және мүдделі ұйымдармен бірлесіп жағдайды тұрақты қадағалап отыр. Бұл шаралар халық үшін азық-түлік қауіпсіздігі мен ет өнімдерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.