Бұл АҚШ-тан тыс жерде ашылатын алғашқы қозғалтқыш өндірісі болмақ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
АҚШ-қа жұмыс сапары аясында "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов бастаған делегация локомотив жасау саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі – Wabtec компаниясының Пенсильвания штаты, Гроув-Сити қаласындағы өндірістік алаңдарына барды.
Гроув-Сити зауыты локомотивтер мен ауыр техникаға арналған дизель қозғалтқыштарын өндіру және күрделі жөндеумен айналысуға маманданған. ҚТЖ делегациясы баламалы отын түрлерін пайдалану, қуат агрегаттарын жаңғырту үдерістері, сондай-ақ цифрлық мониторинг пен сапаны бақылау жүйелерін қоса алғанда, заманауи технологиялармен танысты.
Энергоүнемділік, шығарындыларды азайту және инновациялық шешімдерді енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл бағыттар ҚТЖ-ның жылжымалы құрамын дамытудағы негізгі басымдықтар болып табылады.
Кездесу қорытындысы бойынша Wabtec компаниясы 2026 жылы "Астана Дизель Сервис" зауытында жаңа дизель қозғалтқыштарын өндіруді іске қосу жоспарын растады. Қазақстан үшін бұл локализацияны дамыту мен саланың технологиялық тәуелсіздігін арттыру жолындағы маңызды қадам саналады.
Тараптар сонымен қатар технология трансфері, кадрлар даярлау және локомотив паркін техникалық сүйемелдеу саласындағы ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін талқылады. Бұл сапар серіктестікті нығайтудағы маңызды кезеңге айналып, ҚТЖ-ның елдің көлік инфрақұрылымын дамытуға халықаралық тәжірибені енгізу бағытын тағы да айқындап берді.