20 қыркүйекте өтетін "Интервидение-2025" халықаралық ән байқауында Қазақстан атынан әнші Әміре мен 8 жасар Жасмин Қайратқызы өнер көрсетеді, деп жазады inbusiness.kz сайты .
Биылғы байқауда 23 елдің орындаушылары бақ сынайды. Концертті төрт құрлықта тікелей эфирде көруге болады, ал қатысушы мемлекеттердің телеарналары бір тәулік ішінде жазбасын көрсетеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қазақстандық делегацияны Ернар Садырбаев, яғни Әміре таныстырады. Ол Саят Рақымжановтың сөзіне жазылған "Дала таңы" әнін орындайды. Әнші – "Славян базары" халықаралық байқауының жеңімпазы әрі "Дарын" мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
Әншіге сахнада 8 жасар Жасмин Қайратқызы қосылады. Ол – қазақстандық делегациядағы ең жас қатысушы. Жасмин бұл рөлге жүзден астам үміткердің арасынан іріктеп алынған.
Нөмірдің толық мазмұны құпия сақталуда, алайда ұйымдастырушылар оның әсерлі әрі ерекше болатынын атап өтті.
"Бұл ән барлық қатысушылардың жүрегін жаулап алды. Олар әуенін қосылып айтып жүр. Ең басты мақсатымыз – оның Қазақстанда хитке айналып, Отанға деген сүйіспеншілікті дәріптейтін патриоттық әндердің алдыңғы қатарынан орын алуы", – деді қазақстандық делегацияның бас продюсері Алтынбек Рахметов "Еуразия" бірінші арнасына берген сұхбатында.
Әміренің өзі де байқауға ерекше үмітпен қатысып отырғанын жеткізді.
"Маған қызығы – бір-бірімен байланысы жоқ 20-дан астам елдің көрермендері қалай дауыс береді. Бұл әділ нәтижеге жетелейді деп ойлаймын", – деді ол.
Биылғы байқауда Бразилиядан дуэт Лусиану Калазанса мен Таис Надер, Беларусь елінен әнші Анастасия Кравченко да өнер көрсетеді. Соңғысы Қазақстанның нөмірін "әсерлі және жүрекке жететін туынды" деп бағалады.
"Интервидение-2025" байқауының финалы 20 қыркүйекте сағат 22:30-да "Еуразия" бірінші арнасында көрсетіледі.