Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті жаңа оқу жылы басталғалы бері оқушыларды көздеген алаяқтық жағдайлары тіркеліп жатқанын хабарлады.
Алаяқтар телефон арқылы хабарласып, өзін мұғалім ретінде таныстырады. Олар «электронды күнделікті қайта рәсімдеу» деген сылтаумен SMS арқылы келген кодтарды айтуды сұрайды.
SMS-кодтарды айту – қауіпті
Балалар мұны ата-аналарына немесе мектепке көмектесу деп ойлағанымен, шын мәнінде алаяқтарға мемлекеттік қызметтерге, онлайн-банкингке және туыстарының банк шоттарына қол жеткізуге жол ашып беріп отыр.
Министрлік SMS-кодтардың құпия екенін ескертеді:
«SMS арқылы келетін кодтар – тек ата-ананың жеке ақпараты. Оны ешкімге айтуға болмайды».
Ата-аналарға кеңес
Балалардың қауіпсіздігін сақтау үшін ата-аналарға мына шараларды қабылдау ұсынылады:
- Балаларға мұғалімдердің ешқашан SMS-код немесе банк картасының деректерін сұрамайтынын түсіндіру;
- Телефонға ата-аналық бақылау орнату;
- Бейтаныс нөмірлерден келген қоңырауларға мұқият қарау.
Күмәнді әрекет анықталса қайда хабарласуға болады?
Күмәнді жағдай туындағанда бірден полицияға немесе 111 байланыс орталығына хабарласу қажет.