Жыл басынан бері жаңа туған сәбиді сатуға қатысты 19 қылмыстық іс тіркелген. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің Адам саудасына қарсы күрес жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Шынар Көшербаева мәлім етті.

Оның айтуынша, нәрестелердің саудасына қатысты қылмыстық істер әртүрлі өңірлерде тіркелген.

«Қылмыстық кодекстің 135 бабы бойынша жыл басынан бері 19 іс тіркелді. Олардың бәрі жаңа туған сәбиді асырап алу мақсатымен сатып алуға және сатуға қатысты болған. Мысалы, оның схемасы мынандай: бала сүйе алмай жүрген отбасы бала асырап алғысы келеді – бұл бір тарап. Екінші тарап – бала керек емес, бірақ аяғы ауыр немесе босанған әйелдер. Осы аралықта делдал болған адамдар алаяқтық жолмен ақша үшін баласынан бас тартқан отбасының баласын бала керек отбасының атына жазып береді», – дейді ол.

Спикердің айтуынша, осы 19 фактінің ішінде шетелге бала сату фактісі тіркелмеген.

«Біздің заң бойынша баланы сатып алған адам да, сатқан адам да бірдей жазаланады. Сататын балалардың арасында оны асырай алмаймын деп қорқатындары бар, болмаса, қалаға жұмысқа келіп, аяғы ауыр болатын әйелдер бар. Бір баланың құны – 500 мың теңгеден басталып, 1 млн, кейде 1,5 млн теңгеге жетеді», – деді ол.