Қала басшысы негізгі жұмыстарды түнде – көлік қозғалысы азайған кезде істеуді тапсырды.

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында қаладағы су басу қаупі бар аумақтарды аралап, тұрғындарға ыңғайсыздық тудырып отырған жағдаймен танысты, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.

Сапар қорытындысы бойынша жобалау және құрылыс-монтаж жұмыстарын жеделдету жөнінде тапсырма берілді.

Сапар Бостандық ауданынан басталды. Мұнда Жәңгір хан көшесінде нөсер жауыннан кейін үнемі 1,2 метрге дейін су жиналады. Әкімнің айтуынша, бұл еңісте орналасқан жер, бұрын өзен арнасы болған. Мамандардың айтуынша, мәселенің шешімі сағатына 400 текше метр су айдайтын кәріз сорғы станциясын салу.

Әкімдіктің мәліметінше, бұдан кейін қала басшысы әл-Фараби даңғылы бойындағы жағдайды көрді. Былтырғы нөсер жауын бұл аймақта да үлкен зардап әкелген еді. Қазір бұл бағытта жоба дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткен. Онда Қаппаров көшесінде арық жүйесін салу, ал Үшкемпіров көшесінде екі ірі су қабылдағыш орнату қарастырылған. Дархан Сатыбалды жобалаушылардың қабылдайтын шешімдерінің сапасына жауап беретінін және қателікке жол берілмейтінін қадап айтты.

Қабанбай батыр көшесінде де су бұру жүйесінің олқылығы анықталды. Арық өткелі опырылып, жауын кезінде су тасып, жолға шығып кетеді. Әкім мұнда үлкен диаметрлі темірбетон құбырларын орнатып, жұмысты созбалаңға салмай бітіруді тапсырды.


Оқи отырыңыз: Алматы облысында алимент төлемеген 50 борышкер қылмыстық жауапқа тартылды


Медеу ауданында Дархан Сатыбалды Шығыс айналма жолы – Халиуллин – Таиров – Шақшақ Жәнібек көшелерінің аумағындағы су құбыры және кәріз жүйесін салумен танысты. Мұнда мердігер ұйым жолға түсетін салмақты азайту үшін жерді тесу әдісін қолданып жатыр. Қала басшысы негізгі жұмыстарды түнде – көлік қозғалысы азайған кезде істеуді тапсырды.

Сапардың соңында әкім көлік жүйесін дамытуда жүйелі көзқарастың қажеттігін жеткізді. Оның айтуынша, алдағы уақытта қаланың жоғарғы бөлігінен әл-Фараби даңғылына шығатын радиалды жолдарды кеңейту мүмкіндігі қаралады.

"Техникалық мүмкіндік бар жерде жолды екі жолақтан төрт жолаққа дейін кеңейтіп, орталық көшелердің жүктемесін азайтамыз", – деді әкім.

Қорытындылай келе, Дархан Сатыбалды қауіпті аумақтарда жобалау құжаттарын жедел дайындап, су бұру жүйесін сапалы жаңғыртуды, мерзімнің қатаң сақталуын және жұмыс барысында қала тұрғындарына мүмкіндігінше қолайсыздық туғызбауды тапсырды.