Астанада энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғыртуға арналған конференция өтті.

Бүгін Астанада "Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту ұлттық жобасы: қазақстандық бизнес үшін мүмкіндіктер" атты конференция ұйымдастырылды. Іс-шараға мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, табиғи монополиялар субъектілері мен отандық бизнес өкілдерін қоса алғанда 250-ден астам қатысушы жиналды.

Пленарлық отырыста сөз сөйлеген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев инфрақұрылымды сапалы жаңғыртпай, экономикалық өсім мен инвестициялық тартымдылыққа қол жеткізу мүмкін еместігін атап өтті.

Оның айтуынша, ұлттық жобаны жүзеге асыру үшін 86 мың шақырым коммуналдық желіні жаңарту және 7,3 ГВт қосымша қуат көздерін іске қосу қажет. Бұл мақсатқа 13 трлн теңгеден астам инвестиция тартылмақ.

"Қазір біз жобаны іс жүзінде жүзеге асыру кезеңіне өттік. Биыл пилоттық режимде табиғи монополиялардың 48 субъектісі бойынша шамамен 144 млрд теңге көлемінде қаржы жұмсалуда", – деді Қанат Бозымбаев.


Оқи отырыңыз: Сингапур он екінші рет қатарынан әлемдегі ең қауіпсіз ел атанды


Жоба аясында халықаралық қаржы ұйымдарымен келіссөздер жүріп жатыр. Мәселен, ЕҚДБ Ақтөбе облысында кәріз-тазарту құрылыстарын салу жобасын қолға алған.

Конференция барысында отандық тауар өндірушілерді қолдау, жұмыс орындарын арттыру, сондай-ақ жобалардың ашықтығын қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Панельдік сессияларда жаңартылатын энергия, қаржыландыру тетіктері және нарықтағы негізгі кедергілер талқыланды.