Алматыдағы әл-Фараби – Ремизовка қиылысында жаңа айналма жолайрық салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Әл-Фараби – Ремизовка қиылысын қайта жаңғырту" жобасы қоғамдық тыңдауда қаралды.
"Үшкемпіров көшесінің әл-Фараби даңғылына қосылуындағы қазіргі жағдай – қарбалас уақытта жоғары жүктемемен, жиі болатын жол апаттарымен, көріну мүмкіндігінің төмендігімен, қолайсыз бұрылыс радиустарымен, жаяу жүргіншілер өткелдерінің қанағаттанарлықсыз күйімен және нормативтік талаптарға сай келмеуімен ерекшеленеді", – деп түсіндірді құжат авторлары Kolesa.kz сайтына.
Жобалаушылар төрт нұсқа ұсынды. Алматы қаласының Мобильділік басқармасындағы техникалық кеңесте олардың ішінен ең үнемдісі – шамамен 3,6 млрд теңгеге бағаланған айналмалы жолайрық нұсқасын әзірлеу.
Ұсыныс бойынша айналма әл-Фарабидің оңтүстігінде салынып, Үшкемпіров пен Қаппаров көшелерінен кіріп-шығу бұрылыстары қарастырылмақ. Бұл нұсқаның артықшылықтары: шағын аумақты қамтуы, жасыл желектердің аз кесілуі, барлық сол жақ бұрылыстардың қамтамасыз етілуі. Дегенмен, кемшілігі де бар – батыс бағытта қозғалғанда әл-Фарабиден солға бұрылу мүмкіндігі болмайды, ол үшін бұрынғыдай Жароковтан айналуға тура келеді.
Қиылысты қайта жаңғырту жұмыстары 15 айға созылады деп күтілуде. Құрылыс 2026 жылдың мамыр айында басталуы мүмкін.
Айта кетейік, бүгін, 19 қыркүйекте, Алматы полициясы қала жолдарындағы мыңдаған ақауларды анықтағанын хабарлады.